Павлодарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың болашағы талқыланды
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы
Павлодарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың болашағы талқыланды
Павлодарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың болашағы талқыланды.
Балаларды ерте дамыту институты мен Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы 2025 жылғы 17 қазан күні Павлодар қаласында «Болашаққа бағдар: мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың перспективасы» атты республикалық семинар өткізді.
Шара мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі педагогтерінің кәсіби шеберлігін арттыру және жаңа тәсілдерді енгізуді талқылауға бағытталды.
Семинар жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институты директорының орынбасары Гүлнара Мукушева, Мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы Лада Барон, сондай-ақ Мектепке дейінгі білім беру мазмұны департаментінің аға сарапшысы Айзель Абдульдинова қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы балабақшалар базасында жұмыс істейтін құзыреттілік орталықтарының қызметімен танысты. Семинарда мектепке дейінгі білім берудегі озық тәжірибелер, мобильді консультативтік топтардың жұмысы және білім беру процесіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселелері талқыланды.
Шараға еліміздің барлық өңірлерінен мектепке дейінгі сала өкілдері және Павлодар облысының 150-ден астам педагогі қатысты. Қатысушылар талқыланған тақырыптардың өзектілігін атап өтіп, құзыреттілік орталықтарын әрі қарай дамыту мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігі екенін жеткізді.