KidsCraft: креативті еңбек және шағын кәсіп әлемі
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы
KidsCraft: креативті еңбек және шағын кәсіп әлемі
2026 жылдың 30 наурызында Павлодар облысы білім беруді дамытудың инновациялық орталығының ұйымдастыруымен Павлодар қаласының №44 сәбилер балабақшасында «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» республикалық пилоттық жоба аясында облыстық семинар өтті.
Семинар барысында педагогтер KidsCraft технологиясының мазмұнымен, оны балабақша жағдайында тиімді қолдану жолдарымен танысты. Іс-шарада KidsCraft ортасын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері көрсетіліп, зергерлік, аспаздық, тігін, инженерлік зертханалар мен шеберханалардың жұмыс үлгілері таныстырылды. Балалардың қызығушылығын арттыратын практикалық тапсырмалар мен ұсақ моториканы, креативтілікті және дербестікті дамытуға арналған тиімді әдістер ұсынылды.
«Мини-аспаз» шеберханасында педагогтер өз қолдарымен вафли дайындап, балаларға қолжетімді аспаздық құралдардың қауіпсіз қолданылу жолын көрді. «Зергер» бұрышында шағын әшекей бұйымдар жасалып, креативті материалдарды қолданудың үлгілері ұсынылды. «Инженер зертханасында» қарапайым механизмдер құрастыру арқылы STEM элементтері тәжірибеден өтті.
«KidsCraft – шағын кәсіп» бөлімінде педагогтер балаларға арналған шағын бизнес моделін құру тәсілдерімен танысты.
Пилоттық тәртіпте басталған «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» республикалық жобаға Павлодар облысының 5 мектепке дейінгі ұйымы еніп, бұл бағытта жұмыс жасауда.