Павлодар облысында «Жыл мұғалімі – 2026» облыстық конкурсының III кезеңі өтті
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы
Павлодар облысында «Жыл мұғалімі – 2026» облыстық конкурсының III кезеңі өтті
Павлодар облысының Білім беруді дамытудың инновациялық орталығында «Жыл мұғалімі – 2026» облыстық конкурсының III кезеңі ұйымдастырылды. Бұл кезеңге барлық іріктеу сатыларынан сәтті өткен және кәсіби шеберлігін дәлелдеген 18 педагог қатысты.
Финалистер өздерінің әдістемелік әзірлемелерін, оқушылармен жұмыс нәтижелерін және кәсіби жетістіктерін ұсынды. Қатысушылар қатарында ағылшын, орыс және қазақ тілі, әдебиет, физика, география, дене шынықтыру, бейнелеу өнері мен көркем еңбек пәндерінің мұғалімдері, сондай-ақ бастауыш сынып педагогтері де бар.
Конкурс өңірдің білім беру қауымдастығын біріктіріп, тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Білім беруді цифрландыру және сыни ойлауды дамытуға баса назар аударылып отырған қазіргі жағдайда мұндай кәсіби сайыстардың маңызы ерекше.
Қорғау ашық презентациялар түрінде өтті. Педагогтер әдістемелік тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, педагогикалық жолды таңдауы туралы да айтты. Ерекше назар қатысушылар дайындаған бейнероликтерге аударылды.
Конкурстың қорытындылары Ұстаздар күніне орай жарияланып, жеңімпаздар салтанатты рәсімде марапатталады.