«Білім беруді цифрлық трансформациялау: жасанды интеллект – оқытудың тиімділігін арттыру құралы ретінде» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізілді
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы
«Білім беруді цифрлық трансформациялау: жасанды интеллект – оқытудың тиімділігін арттыру құралы ретінде» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізілді
2026 жылғы 4 наурыз күні Павлодар облысы білім басқармасының Білім беруді дамыту инновациялық орталығы Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетімен бірлесе отырып, №35 жалпы орта білім беру мектебінің базасында «Білім беруді цифрлық трансформациялау: жасанды интеллект – оқытудың тиімділігін арттыру құралы ретінде» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру үдерісіне жасанды интеллект құралдарын тиімді енгізу жолдарын көрсету, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру және оқыту сапасын жақсартуға бағытталған заманауи технологияларды тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін таныстыру болды.
Семинар барысында қатысушылар:
– жасанды интеллект негізіндегі білім беру платформаларының мүмкіндіктерімен танысты;
– сабақ жоспарлау, тапсырма құрастыру, бағалау және кері байланыс беруде ЖИ құралдарын қолдану алгоритмдерін қарастырды;
– оқу жетістіктерін талдау және деректерге негізделген шешім қабылдау тәсілдерін меңгерді;
– академиялық адалдық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Практикалық бөлімде педагогтер нақты цифрлық құралдармен жұмыс жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар кәсіби диалог және тәжірибе алмасу форматында өтіп, білім беруді цифрлық трансформациялау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шара педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, заманауи білім беру талаптарына сәйкес инновациялық тәсілдерді тиімді қолданудың жаңа мүмкіндіктерін айқындады.